Әжемнің айтқан ақылы
Әжемнің айтқан ақылы

Қазіргі қоғамда көбіне қатарластарымның арасында Стив Джобстың, Билл Гейтстың және тағы басқа сол секілді әлемде кәсіпкерліктің шыңына жеткен тұлғалардың сөздерін үлгі ретінде алып жататындары баршылық. Тіпті, өзім де соның бірімін...

Жоқ, мен оларына қарсы емеспін... Керісінше, қолдаймын! Абай атамыз айтқандай: «Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену» - қазіргі біздің ақ пен қараны ажырата алмай жүрген қоғамымызға қажет-ақ дүние, десек те, кейде: «... Жүрген соң бауырында күнде көріп таулардың биіктігі байқалмайды» - дегендей, осындай алпауыт бизнес өкілдерінің көлеңкесінде ет жақынымыз ата-аналарымыздың айтқан ақылына, даналығына мән бермейді екенбіз... Әйтпесе, перзенті үшін ең жақсы затты, ең тәтті тағамды, ең құнды кеңесін аямайтын абзал жандардың бізге берері мол екен...

Сондай, өмірімнің қалған күніне жетерлік рухани азықты Алматыға оқуға аттанарымда бір ауыз сөзімен асыл әжем де берген еді. Оқып көріңіз:

- Балам, сен бүгін ер жетіп, азамат атанып үлкен өмірге қадам басып отырсың. Енді міне, аз уақыттан соң «студент» атанып, білімнің дариясына шығасың, жаңа орта, жаңа достар табасың. Бізден жырақта өмірдің әр түрлі сынақтарына кез боласың, шыңдаласың, шынығасың тағдырдың талқысына түсесің. Бірақ, балам, қандай жағдай болса да, басыңа қандай іс түссе де өзіңнің мұсылман үмметі, исі қазақтың перзенті және біз секілді қара шал мен сары кепмірдің ұрпағы екеніңді ешқашан есіңнен шығарма!

Алматы - үлкен қала. Қалада жүрсең де даланың баласы екендігіңді ұмытпа, дініңе, тіліңе, ата-баба салт-дәстүрлеріңе бекем бол, біз секілді самайына ақ түскен қария көрсең алдын кесіп өтпе, шамаң келсе керісінше, ісіне жәрдем бер. Кең бол, кең болсаң кем болмайсың! Әділ бол, әрі иманыңа кәміл бол! Туыстық байланысты үзбе! Білімге ынталы бол, әр нәрсені ден қойып, мағынасын түсініп оқы, - деп айтқан еді...

Міне, айтылғанына аттай алты жыл болса да, маңызын жоғалтпай келе жатқан асыл сөздер, һәм менің өмірлік ұстанымымның бірі, бағыт-бағдарымды түзеуші темірқазығым осы шүйкедей ғана арнайы білімі жоқ ауыл кейуанасының сөзі... Гарвардты бітірмесе де, өмір мектебінен өткен ол кісінің ақылы мен үшін баға жетпес ҚАЗЫНА!

bakebake
10 лет назад 10662
2 комментария
О блоге
0
2048 5 7 1 6