Алламен байланыста болудың мағынасы:
Алла Тағаламен байланыста болу дегеніміз, Оны әрбір жағдайда, әр жерде, әр уақытта, байлық пен кедейлікте, қайғы мен қуанышта,таршылық пен кеңшілікте де естен шығармай зікір ету.
Алламен әрдайым байланыста болған пенделерді Хазреті Әли (Алла оған разы болсын) былай деп сипаттаған:
Олар фазилет иелері. Сөйлегендері туралық, киінгендері қарапайым, жүрістерінде кішіпейіл болғандар. Олар көздерін Алла харам еткен нәрселерге қараудан тиып, ал құлақтарын өздеріне пайда беретін ғылымға қойғандар. Өздерінің жасаған амалдарының аздығына разы болмайтындар, ал арттырғандарын көпсінбейтіндер. Олар өздерін кінәләп, және Алла алдында барша амалдарын шынайы қорқынышпен орындайтындар. Сен олардан мынандай белгілерді көресің: олар дінде қуатты болады, мінез-құлықтары жұмсақ, тұрақты келеді, имандары кіршіксіз айқын, білімге құштар, сыпайылықта артықша, байлықта жомарт, әрі ысырапсыз, ғибадат-құлшылықтарында ықыласты болады. Олар кедейшіліктерін жасырып, қиындыққа сабыр етеді. Тек халал нәрселерді талап қылады. Тура жолға шақыруда белсенді келеді. Салихалы амалдарының қабыл болмай қалуынан қорқынышта жүреді. Олардың кешкі қамы шүкір ету, таңертеңгі қамы зікір қылу. Олар білімдерін әдеппен, сөздерін амалмен толықтырғандар. Үміт еткендері жақын, қателіктері аз. Жүректерінде Раббысына - деген қорқыныш ұялаған, өздері әрдайым тақуалықта болған, ашу-ызасын ұстай білетін, шаһуаттарының қалауын өлтірген жандар. Олардан тек жақсылық күтіліп, жамандық олардан бой көрсетпейді. Өздеріне зұлымдық қылғандарға кешірімді, таршылық қылып бермегенге беретін, білімсіздікпен байланысты бұзғандармен де қарым-қатынасын үзбей жүретін, ұятсыздықтан алыс, сөздері жұмсақ, ешкімге зияны жоқ, ізгілікке әркез әзір, жақсылықтары алдында, жамандықтары артында болғандар. Өмірдегі кездесетін сілкіністерде тұрақтылық көрсететін, жан қиналатын жағдайларда сабырлық танытатын, кеңшіліктерге шүкірлік ете білетін көңілдері тоқ жандар. Ал адамдар олардан тек рахат көреді.
"Мұсылманның Алла Тағаламен байланысы" кітабынан