Пайғамбарға (с.ғ.с) сағыныш немесе намазда бөлінген көңіл
Пайғамбарға (с.ғ.с) сағыныш немесе намазда бөлінген көңіл

Күндердің сұлтаны - Жұма. Әдеттегідей, түскі ас уақытын пайдаланып: «Жұмаға қатысайын» - деген ниетпен мешітке қарай аяңдадым. Адамзаттың ардақтысы болған пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетіне сай, әрі сауаптан үміт ете қадамымды жиі басып қоямын. Сол аяңмен мешіт ауласына қалай кіргенімді де сезбей қалыппын. Мешітте уағыз айтылып жатыр екен, отырып уағыз тыңдадым. Сәлден соң намаздың уақыты кіріп жұма намазына азан айтылды. Кезегін бұзбай сүннетін, имамның құтпасын тыңдап, іле парызын жамағатпен өтедік.

Соңғы сүннетті оқып жатқан едім: "Аға-а-а, Алла разы болсын, аға-а-а-а, Алла разы болсын..." - деген кішкентай бүлдіршіннің жалынышты дауысын намазда тұрсам да естідім. Иә, намазда басқа нәрсені ойламай, Алланы көріп тұрғандай, тым болмаса: "Алла мені көріп тұр ғой..." - деген ынтамен, ихсан дәрежесінде оқуды мұсылман ретінде білемін және барынша амалға асыруға тырысып та жүрген жанмын. Бірақ, жас бүлдіршіннің ашқұрсақ  қарнынан шиқылдай шыққан дауысы намаздағы көңілімді ұрлады, күніне бірнеше мәрте оқитын жаттанды "Ықылас" сүресінен екі шатастым, балақай да нәпәқасын табу үшін ішегі үзіліп кетсе де тынбайтын секілді. Барынша намазымды көңілімді бөлмей аяқтап, әлгі бүлдіршінге анықтап қарасам, бес-алты жас шамасындағы балақай екен. Қолына садақа тәрелкесін ұстап алып, ышқына жалынышты айғайлайды. Әй, өтірік айтпасам, бұл дүниеге келгелі мұндай ащы дауысты бірінші рет естуім шығар...

Жамағаттың жүрегі елжіреді білемін, біреуі 500 теңге, келесі біреуі 1000 теңге, енді біреуі тіптен 2000 теңге тастап жатыр. Сол сәтте: "Мына баланың ата-анасы қалай  ғана қаршадай баланы қайыр сұратуға қиды екен?" – деген ой санамды торлады...

Еее, жоқтық, әлеуметтік теңсіздік не істетпейді дейсіз?! Қу жоқтық, мына баланың ата-анасының да ұятының пердесін сыпырыпты. Сол жоқтық, мына сәбидің де балғын балалық шағын талқандап, бесіктен белі шықпай жатып мешіттегі жамағаттың бір ауыз жылы сөзі мен аздаған тиын тебеніне қол жайдырды...

Сол сәтте көзімде – жас, жүрегімде - сағыныш пайда болды... Кімге? Бәлкім неге? – дерсіздер... Айтайын...

Ол сағыныш – ғаламға рақым, нұр болып жіберілген екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с) деген сағыныш еді...

Ей, Алланың расулы! Сол сәттегі әрбір алған демімнен сағыныштың СІЗГЕ деген самалы есті...

Иә, екі дүние сұлтаны, нақ өзіңізді ойладым... Егер сіз болғаныңызда мына қатыгез дүниедегі көрсоқыр адамдарға мейірімділіктің, әділдіктің, сабырлықтың, парасаттылықтың, жалпы адами кемел қасиеттердің тамаша бір үлгісін көрсетер едіңіз...

Ей, Алланың расулы! Намазда тұрғаныңызда жылаған баланың дауысын естісеңіз қандай ұзақ тұрғыңыз келсе де, сол баланың анасы мешітте болуы мүмкін деген оймен дереу намазды бітіруге тырысатынсыз. Ол да сіздің ақтық деміңіз таусылғанша: «Үмметім, үмметім, үмметім» - деп, тек бізге, яғни үмметіңізге деген махаббат, мейіріміңіздің көрінісі...

Ал біз ше? Иә, ей Алланың расулы сіздің сүннетіңізді ұстанушы ретінде біз, тіптен мен не амал істедім?

Ей Расулуллаһ, әлсіз үмметің, яғни мен үнсіз бүлдіршіннің жанына келіп, әмиянымды ашып, сараң қолыма ілінген екі жүз теңгелікті балақайға ұялмай ұстата бердім...

Ей, Алланың расулы, сіздің: «Оң қолдарыңмен берген садақаларыңызды, сол қолдарыңыз білмесін» - деген өсиетіңізді орындай алмай, жауған жаңбыр тамшыларымен бірге, жүрегім жылай-жылай балақайдан алыстай бердім...    

Пайғамбарға сағыныш
bakebake
2 жыл бұрын 739
2 пікір